20 Шілде 2026, 23:27
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Алматы тауларында аяғын жарақаттап алған турист құтқарылды
Медициналық тексеру нәтижесінде оған қосымша медициналық көмек қажет болмаған.
Алматы қаласының Космостанция ауданында таулы бағытпен серуендеп жүрген турист аяғын жарақаттап алып, өздігінен қозғала алмай қалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен азамат құтқарушыларға өзінің нақты орналасқан жерінің геолокациясын жіберген. Оқиға орнына жедел түрде «ҮАШ» бақылау-құтқару бекетінің экипажы аттанды.
Құтқарушылар туристі тауып, оның жағдайын бағалағаннан кейін Экопостқа дейін қауіпсіз жеткізді. Медициналық тексеру нәтижесінде оған қосымша медициналық көмек қажет болмаған.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлауға, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға және жорыққа шығар алдында жақындарына бағыты мен қайту уақытын міндетті түрде хабарлауға кеңес берді.