Бүгiн 2026, 07:34 Фото: gov/kz

Алматы тауларында аэровизуалды зерттеу жұмыстары жүргізілді

Қар сызығы теңіз деңгейінен 2600-2700 метр биіктікте тұрақтаған.

ҚР ТЖМ Алматы қаласының ТЖД-мен бірлесіп Іле Алатауы жотасының орталық бөлігіне аэровизуалды зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша таулы аймақта айтарлықтай қар қоры анықталды. Мұздақ көлдердің жағдайы тұрақты, су айдындары қар астында, су ағыны байқалмайды.

Қазір жағдай тұрақты болғанымен, қар қорының көп болуы және температураның құбылуы алдағы сел қаупі кезеңінде күрделі ахуал қалыптастыратынын көрсетті. Ауа райы жағдайы, күрт жылыну немесе нөсер жауын-шашын сияқты негізгі қауіп факторы сел үдерістерін белсендіруі мүмкін. Мониторинг штаттық режимде жүргізілуде.

"Қазселденқорғау" ММ Алматы қаласында, Алматы және Жетісу облысында жарылу қаупі жоғары 14 мұздақ көлді анықтады. Аталған көлдерде мұздақ көлдерді босату бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілетін болады.