Бүгiн 2026, 10:51 Фото: ҚР ТЖМ

Алматы тауларында адасып кеткен сегіз турист құтқарылды

Қараңғы түскеннен кейін бағытынан жаңылған туристер «Шымбұлаққа» өздігінен түсе алмаған.

112 пультіне Медеу ауданында, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортынан жоғары орналасқан таулы аймақта туристер тобы қараңғы түскеннен кейін бағытынан жаңылып, өздігінен қозғала алмай қалғаны туралы хабар түскен.

ТЖМ таратқан мәліметке сәйкес, туристер құтқарушылардан көмек сұраған. Олармен байланыс үзілмей, орналасқан жері геолокация арқылы анықталған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жіберілді, деп хабарлады ҚР ТЖМ.

Құтқарушылар үш туристі жедел тауып, оларды таудың етегіне қарай алып жүре бастаған. Жол бойында тағы бес адамнан тұратын топ анықталған. Олар да қараңғыда бағытынан адасып, көмекке мұқтаж болған.

Нәтижесінде сегіз туристің барлығы «Шымбұлақ» тау курортының автотұрағына аман-есен жеткізілді. Ешқайсысы зардап шекпеген, медициналық көмек қажет болмаған.