2 Тамыз 2026, 14:19 Фото: istockphoto.com

Алматы тауларында адасып кеткен екі жасөспірім табылды

Құтқарушылар тауда адасып кеткен екі жасөспірімді Турист шыңы маңынан аман-есен тапты.

Алматыда тауға өз бетінше шығып, қайта оралмаған екі жасөспірімді құтқарушылар тауып алды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Хабарлама түскеннен кейін қалалық құтқару қызметінің мамандары іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Олар таулы аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, жасөспірімдер жүруі мүмкін бағыттарды түгел тексерген.

Жасөспірімдер Қарасай ауданындағы Турист шыңы маңынан табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, медициналық көмек қажет болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, жақындарыңызға қайту уақытын хабарлауды, толық қуатталған телефон алып жүруді және ауа райы жағдайын ескеруді еске салды.