15 Қыркүйек 2026, 12:38 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматы тауларын қанша тазаласа да, қоқыс азаймай тұр

Алматы маңындағы танымал туристік бағыттарда қоқыс мәселесі әлі де өзекті болып отыр. TazaMen Team экологиялық қоғамдастығының негізін қалаушы әрі тұрақты экологиялық акцияларды ұйымдастырушы Тимур Хасеновтің айтуынша, кейбір орындарды қайта-қайта тазалауға тура келеді, алайда жиналатын қоқыс көлемі азаймай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, бүгінде тауға шығатын бағыттар бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді болған. Бұл өз кезегінде туристер санын арттырғанымен, қоқыс көлемінің көбеюіне де әсер еткен.

Қазір туристік маршруттар өте ыңғайлы жасалған. Кез келген жастағы адам тауға оңай көтеріле алады. Маршрут неғұрлым қолжетімді болса, соғұрлым басқа қалалардан және шетелден келетін қонақтар көбейеді, – дейді Тимур Хасенов.

Экобелсендінің айтуынша, әсіресе Үлкен Алматы көліне (ҮАК) апаратын бағыттағы жағдай алаңдатады. Мұнда еріктілер шамамен әр бір жарым ай сайын сенбілік өткізеді.

Біз қанша рет тазаласақ та, қоқыс азаймайды. Әрсенбілікте шамамен 100-150 қап қоқыс жиналады. Ұлттық парк қызметкерлері де бұл аумақтарды тұрақты түрде тазартыпотырады. Бірақ адамдар легі тоқтамайдыбұл бағытпен күн сайын мыңдаған адам жүреді, – дейді ол.

Осыған ұқсас жағдай Алма-Арасан шатқалында да байқалады. Соңғы жылдары бағыттардың қолжетімді болуы және табиғи ыстық су көздерінің танымалдылығы бұл жерге келушілер санын едәуір арттырған.

Хасеновтің пікірінше, қоқысқа толы табиғи аумақтар шетелдік туристерге де жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін.

Шетелден келетін қонақтар мұндай көріністі көргенде бұл біздің табиғатқа деген көзқарасымыздың көрсеткіші болып көрінуі ықтимал, – дейді ол.

Сонымен қатар экобелсенді соңғы уақытта табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын адамдардың көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, көптеген туристер өз қоқысын жинап әкетіп қана қоймай, жолда кездескен бөтен қалдықтарды да жинауға тырысады.

Мысалы, Көкжайлау бағытына апаратын соқпақтардың бірінде еріктілер арнайы қоқыс қысқыштары мен қаптарды қалдырған. Кез келген адам оларды пайдаланып, аумақты тазалауға үлес қоса алады.

Ал мұндай бастамаға қатысқан азаматтарды визит-орталық қызметкерлері ыстық сусынмен немесе жеңіл тағаммен тегін марапаттайды.

Экобелсендінің пікірінше, табиғатты таза ұстау тек еріктілер мен ұлттық парк қызметкерлерінің емес, әрбір демалушының ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.