«Алматы-Ташкент-Термез», «Алматы-Ресей шекарасы» автожолдары қайта жаңғыртылуда
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, жергілікті маңыздағы автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 2018 жылы – 78,5, 2019 жылы – 80, 2020 жылы – 81,5 пайызға жеткізу жоспарланған.
Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің сөзіне қарағанда, былтыр жалпы жол саласына 12,1 миллиард теңге бөлініп, оған облыстық маңызы бар автожолдардың 26,4 шақырымы күрделі, 119 шақырымы орта, аудандық маңызы бар 211 шақырым және елді мекен көшелерінің 169,4 шақырымы орта жөндеуден өткен.
«Бүгінде Жамбыл облысының жалпы пайдаланымындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 9 690 шақырымды құрайды. Оның 1 125 шақырымы –республикалық, 1987 шақырымы – облыстық, 1188 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Ал елді мекендер көшелерінің желісі – 5 363 шақырым. Былтыр өңірде 500 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелері жөнделіп, ішкі және ауылдар арасындағы қарым-қатынас біршама жақсара түсті», - дейді Б.Жәнібеков.
Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, облыстық маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде биылға республикалық және жергілікті бюджеттерден 14,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 16,2 шақырым жаңа жол құрылысы, 6,2 шақырым қайта жаңғырту, 30 шақырым күрделі жөндеу және 470 шақырымға жуық жол орта жөндеуден өтпек. Бүгінде мердігерлерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жасалуда.
«Биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесін индикаторлық көрсеткіште 80,1 пайыздан 85 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз», - дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Айта кетерлігі, осы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 46 жоба, ал Елбасының «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 53 жоба іске асырылмақ. Осы жобалардың шеңберінде ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын, Қырғыз елі шекарасына қарай Тараз қаласын оңтүстігінен айналып өтетін автожолдың, облыстық маңызы бар «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 шақырымдары мен «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автожолының 1,7-7 шақырымдарының құрылыс жұмыстарын жүргізу межеленген.
«Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өте маңызды және iрi жобалар болып саналатын республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының Отар-Ұзынағаш, «Алматы-Ресей Федерациясының шекарасы (Екатеринбургке қарай)» автожолының Ақсүйек-Бурылбайтал учаскелері қайта жаңғыртудан өтуде», - дейді басқарма басшысы.
Оған қоса, биыл республиканың оңтүстік бөліктерін солтүстікпен байланыстыратын ұзындығы 266 шақырымды құрайтын «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Меркі-Шу учаскесінде қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Жобаны толық іске асыру мерзімі 2022 жылға жоспарланған.
Бұнан бөлек, республикалық маңыздағы автожолдарға қызмет көрсететін «Қазавтожол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалына жалпы 5,4 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде, 1,0 миллиард теңге шекаралық өткізу бекеттерінің тұрақтарын күрделі, 2,7 миллиард теңге жолдарды орташа, 1,6 миллиард теңге ағымды жөндеу және күтіп ұстауға бағытталып отыр.