«Алматы – Ташкент» тасжолында 60 адам қаза тапқан: Министр ең қауіпті жолдарды атады
Жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелерін атады.
Келесі сұрақ – республикалық маңызы бар жолдар. Қаза тапқандардың тең жартысы осы жолдарда орын алып жатыр. Адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелері Жамбыл облысында «Алматы – Ташкент» трассасы - 60 адам қаза тапты, Алматы облысында: «Алматы – Бішкек» - 33 адам, «Алматы – Өскемен» - 12 адам және «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассасы – 17 адам, сондай-ақ, Ақтөбе облысында: «Шымкент – Самара» - 19 адам, «Ақтөбе – Атырау» бағытында – 14 адам көз жұмды, – дейді министр.
Сәденов жол бойындағы қызмет көрсету сапасына да назар аударды. Оның айтуынша, демалатын және тамақтанатын орындардың аздығы жүргізушілердің қауіпсіздігіне әсер етіп отыр.
Жол бойындағы сервис сапасы да – айтарлықтай жақсы емес. Кемпинг және тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлікті айдауға мәжбүр. Соның салдарынан, ұйқтап кетеді. Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сай келеді, – дейді Сәденов.
Министр бірінші санаттағы жолдарды салудың маңызын атап өтіп, Қарағанды мен Алматы арасындағы төрт жолақты магистральді мысалға келтірді.
1-санатқа жататын – 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47%-ға азайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алу керек, – дейді Сәденов.