Алматы сайлау комиссиясына Құрылтай сайлауы қарсаңында 17 өтініш түсті
Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жеке және заңды тұлғалардан 17 өтініш түсті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Алматы қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, өтініштер сайлау заңнамасын түсіндіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, партиялық тізімдер, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді сайлауды байқауға аккредиттеу мәселелеріне қатысты болған.
«Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жеке және заңды тұлғалардан 17 өтініш келіп түсті. Барлық өтініш бойынша заңда белгіленген мерзімде түсіндірмелер беріліп, жауаптар жолданды», – деді Айгүл Қалықова.
Ол қазір сайлаушылар учаскелердегі тізімдермен танысып, өздері туралы мәліметтердің дұрыс енгізілгенін тексере алатынын да еске салды. Қате немесе сәйкессіздік анықталған жағдайда азаматтар тиісті өзгерістер енгізу үшін өтініш беруге құқылы.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда сайлаушылар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады.
Қалалық сайлау комиссиясы төрағасының нақтылауынша, Құрылтай депутаттарын сайлауды әзірлеу және өткізуге, сондай-ақ азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу немесе енгізбеуге қатысты өтініштер Алматы қаласының сайлау комиссиясына түспеген.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.