Алматы саудагерлері ақша аударғандардан қосымша пайыз сұрап отыр
Алматыда «Барахолка» атымен танымал базарлардың саудагерлері мобильді аударым мен QR төлем жасағандарға қосымша 4%-ын төлейсіз немемесе қолма-қол ақша қабылдаймыз деген талап қоя бастаған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кәсіпкерлердің осындай айлаға көшуіне биылдан бастап онлайн аударымның қатаң тексерілуі себеп болған.
Біз мемлекетке қомақты салық төлеп отырмыз. Енді тапқан табысымыздан ұстаса, бізге не пайда? Бұл жерде жапа шегетін біз ғана. Егер бізді салықтан босатып, түскен табыстан 3% ұстап отырса, қарсылық білдірмес едік. Сол себептен бізді де түсіну керек. Біз 4% қосымша төлеңіз деп айтпай, бағаны өсіре салуға болар еді, дегенмен біз олай істеп жатқан жоқпыз. Адамдар терминалдан ақша шығарып алуға ерініп, аударым жасай салуды құп көреді. Дегенмен бізді де түсіну қажет деп ойлаймын, - дейді «Кенжехан» базарының саудагері.
Ал қала тұрғындары мобильді аударым жасап әбден үйреніп алғанын, қолма-қол ақшаны банкоматтан алу үшін біраз жүріп қалатындарын айтады.
Базар мен дүкендерде аударым қабылдамайтынын айтқан уақыттан бері терминалдарда кезек көбейді. Кейде ол жерде де ақша бітіп қалады. Амалсыздан 4%-ын қосып төлейміз. Сол себептен тауардың бағасы қымбаттағандай көрінді. Бұл заңның қабылданғаны жөн, дегенмен ақшасын онлайн ұстап үйренген халыққа қиындық тудырып отыр. Ақшаны ұрлатып алам, қалдырып кетім-ау деп алаңдамай жүре беретін едік. Енді ақшаны бұрынғыдай қолма-қол ұстауға көшетін секілдіміз, - дейді Салтанат есімді қала тұрғыны.
Десе де, төлемнің басқа түрі бола тұра, тек қолма-қол ақша сұрау заңсыз деп отыр салықшылар.
Төлемдерді қабылдамаса (QR, постерминал) заңсыз. Мобильді аударымдар тек жеке мақсатта қолдануға болады. Ал кәсіпкерлік ретінде тек мобильді төлем арқылы қабылдай алады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлау қажет, - дейді Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті.
Еске салсақ, қолма-қол ақша талап еткен кәсіпкерлер қанша теңге айыппұл төлейтінін жазған болатынбыз.