Алматы қаласында жұмыспен қамту қарқыны қандай?
Алматы - Қазақстанның ең ірі мегаполисі, экономикалық, қаржылық, банктік және елдің индустриялық орталығы. Алматы қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған ірі зауыт-фабрикалар туралы толық ақпарат. Қала бойынша жалпы қанша зауыт, фабрика, жеңіл өнеркәсіп бар. Қанша адамды жұмыспен қамтып отыр, шығаратын өнімдері туралы ақпарат. Шығаратын өнімдері отандық нарықты қаншалықты қамтып отыр. Ол өнімдер шетелге шығарыла ма, экспорт көлемі қанша екенін білу мақсатында Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдаған болатынбыз. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы BAQ.KZ редакциясы сауалына төменгідей жауап жолдаған екен.
- Алматы жалпы ішкі өнімнің шамамен бестен бір бөлігін, бюджеттік түсімдердің төрттен бірінен астамын және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бірін қамтамасыз ететін мықты сервистік экономикасымен ерекшеленеді.
Қысқа мерзімді экономикалық индикаторының индексі 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларының ішінде 122,2%-ды (Қазақстанда – 104,5%) құрады.
Қалада 8,4 мың өнеркәсіп кәсіпорын тіркелген. Салада 82,9 мыңнан астам адам немесе қаланың барлық жұмыспен қамтылған халқының 7,9%-ы жұмыс істейді.
Өнеркәсіп көлемінің, оның үлесіне көлемнің төрттен бірінен астамы тиесілі негізгі кәсіпорындары «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС, «Рахат» АҚ, «Қазферросталь» ЖШС және «Еуразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ болып табылады.
2023 жылғы қаңтар-мамыр айларының ішінде өнеркәсіп көлемі 24,1%-ға өсе отырып, 810,6 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 82%-ды құрайды.
НКИ 124,4%-ды (көлемі – 664,5 млрд. теңге, үлесі – 82%) құраған өңдеу өнеркәсібі салалары арасында өсім көлемі: дайын металл бұйымдарының – 52,3% (үлесі – 2,5%, қара метал мен алюминийден жасалатын есік және терезе блоктарына берілген құрылыс ұйымдарының тапсырыстары), машина жасау – 53,4% (үлесі – 37,3%, сұраныс пен экспортқа байланысты, автокөлік құралдарын шығару), фармацевтикалық препараттар – 20,8% (үлесі – 1,4%, «СК Фармация» ұлттық компаниясының тапсырыстарына сәйкес), азық-түлік өнімдерінің – 8,7% (үлесі – 16,8%, көлемдері сұранысқа сәйкес), резеңке және пластмасса бұйымдарының – 6,8% (үлесі – 2,6%, құрылыс ұйымдарының құбырларға, пластмассадан жасалатын түтіктерге, пластмассадан жасалатын темір арқауларға, пластмассадан жасалатын өзге де құрылыс бұйымдарына берілген тапсырыстарына сәйкес), өзге де металл емес минералдық өнімдерінің өндірісінде – 2,9% (үлесі – 3,7%, құрылыс ұйымдарының тауарлық бетонға, құрылыс ерітінділеріне, бетоннан жасалатын құрастырмалы құрылыс құрылғыларына берілген тапсырыстарына сәйкес) байқалды.
Өңдеу өнеркәсібі экономиканың басым саласы ретінде айқындалды және Индустриялық аймақтың дамуымен байланысты болды.
Алматы қаласы Индустриялық аймағының қатысушылары 10,3 мың жұмыс орнын құра отырып, 382,3 миллиард теңгені құрайтын жобалары бар 88 компания болып табылады.
2016 жылдан бастап, 2022 жылды қоса алғанға дейінгі кезеңде Алматы Индустриялық аймағының аумағында жалпы сомасы 124 миллиард теңгені құрайтын 27 жоба іске асырылды. Кәсіпорындарда 3 314 жұмыс орны құрылып, 39,6 миллиард теңгенің салығы төленді.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда тұрақты негізде, өндірілген тауарлардың өндірістік қуаты мен номенклатурасы ұлғаюда, оқшаулау деңгейі артуда, бұл өз кезегінде, салық аударымдарының ұлғаюына, жалақы мен еңбек өнімділігінің артуына әкеледі.
Индустриялық аймағының аумағына 9,7 мың жұмыс орнын құра отырып, сомасы 343,7 миллиард теңгені құрайтын 19 жаңа жоба тартылды. Ағымдағы жылы 14 жоба пайдалануға берілетін болады.
Сондай-ақ, бүгінде Алматы қаласының аумағында 29 жобаға шағын өнеркәсіптік парк мәртебесі берілді. Инвестиция сомасы 14,2 миллиард теңгені құрайды, өндірістік үй-жайлардың ауданы 133,9 мың шаршы метрді құрап, 3 374 жұмыс орны құрылатын болады.
Шағын өнеркәсіптік парк бағдарламасының негізгі артықшылығы шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 шаршы метр үшін 1 350 теңге сомасында жеңілдетілген жалдау мөлшерлемесі бойынша, сондай-ақ аталған үй-жайларды кейіннен сатып алу мүмкіндігімен өндірістік алаңдар беру болып табылады.
Бүгінгі таңда, 11 шағын өнеркәсіптік парк іске асырылды. Өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 46 мың шаршы метрді құрайды, құрылысқа салынған инвестиция сомасы – 4 миллиард теңге, өз өндірісіне шамамен 3,5 миллиард теңге инвестиция салған, сондай-ақ 1 074 жаңа жұмыс орнын ашқан 76 резидент орналастырылды.
Жалпы ауданы 87,9 мың шаршы метрді құрайтын 18 шағын өнеркәсіптік паркінің құрылысы жүргізілуде, құрылысқа салынған инвестиция сомасы 10,2 млрд. теңгені құрады, өндіріске шамамен 6,2 миллиард теңге инвестиция салынып және 2 300 жұмыс орны құрыла отырып, 152 шағын және орта бизнес субъектісі орналастырылатын болады. Іске асыру мерзімі – 2023-2024 жылдар.
2023 жылы:
- 620 жұмыс орнын құра отырып, 2,7 миллиард теңгеге 5 шағын өнеркәсіптік паркін («D&J Investments&Logistic», «ADS Industries», «Mirus Company», «Промпарк», «ALAESTATE») іске асыру жоспарланды, өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 25,3 мың шаршы метрді құрайды.
2024 жылы келесі жобалар:
- 1 680 жұмыс орны құрыла отырып, 7,5 миллиард теңгеге 13 шағын өнеркәсіптік паркі («Промпарк», «Mirus Company», «Nur-ai market1», «Enes Mobliya», «Almaty Textile Group», «ALAESTATE», «НурСер достар», «NN Строй KZ», «T and M company» мен «Corporation M&A», «Aidar Trans», «Magnit Plus» және «БАҚ ДӘУЛЕТ») іске асырылатын болады, өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 62,6 мың шаршы метрді құрайды.
- Алматыға қанша инвестиция тартылды?
Сонымен қатар, Алматы қаласының аумағында 4 инвестициялық жоба іске асырылуда:
1) «БСФ» ЖШС өзінің жобасын іске асыруды 2020 жылы бастады. Жобаның құны 1,8 миллиард теңгеге бағаланады. Жұмыс орындарының саны – 120 орынды құрайды.
2) 2022 жылы «Green Innovation 2030» ЖШС жобасы іске қосылды. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені және жұмысшылар саны – 40 адамды құрайды.
3) «OISB Kazakhstan» ЖШС. Жоба 2022 жылы іске асырыла бастады. Жобаның құны – 980 миллион теңгені және жұмыс орындарының саны – 50 адамды құрайды.
4) Іске асырылуы 2022 жылы басталған «Smart Alatau» ЖШС жобасының құны 800 миллион теңгені құрайды. Жұмыс орындарының саны 120 адам.