Алматы қалалық күрес федерациясына жаңа басшы келді
Алматыда қалалық грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға басшылар мен бапкерлер, спортшылар мен балуандар шоғыры қатысып, үздік нәтижелер мен болашаққа қойылған жоспарларға тоқталды. Конференция барысында маңызды мәселелер талқыланды.
Атап айтар болсақ, соңғы үш жылдағы Федерация жұмысы қорытындыланып, Париждегі Олимпиада ойындарына дайындыққ барысы сөз болды, сондай-ақ, жаңа басшы сайланды. Қалалық күрес Федерациясының басшысы Айдар Беркімбаев балуандардың жоғары көрсеткіш тіркегенін айтып, ел тарихында тұңғыш рет рет еркін күрестен әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алған Ризабек Айтмұханның жетістігін атап өтті.
Астанада өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Алматы командасы үздік нәтиже көрсетіп, еркін күрестен жалпы есепте үшінші орын алса, әйелдер күресінен бірінші орынды иеленді.
Отырыс барысындағы маңызды өзгерістердің бірі – Федерация басшылығының ауысуы болды. Қазіргі басшы Айдар Беркімбаев қоныс ауыстыруына байланысты қызметінен кетіп, танымал кәсіпкер әрі меценат Омар Әлиевтің кандидатурасын ұсынды. Оның кандидатурасы қатысушылар тарапынан толығымен қолдау тапты.
Жиында сөз алған Омар Әлиев қаладағы күрес саласын дамытуға, спорттағы балалар мен жастардың үлесін арттыруға ерекше күш салатынын, өзіне сенім білдіргендерге алғысын айтты. Бір қызығы, жаңа басшының өзі де бұрын күреспен айналысып, қазіргі таңда балуандарға жиі көмек беріп келеді.
Сонымен қатар, күрестің дамуына зор үлес қосып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін Айдар Беркімбаевқа Қазақстан күрес Федерациясы президентінің алғыс хаты табысталды.
Конференцияға қатысушылар бапкерлер мен спортшыларға U-17 және U-23 жас санаттарындағы Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетуді тіледі.