Алматы полициясына жол апатына байланысты бір түнде 52 қоңырау түсті
Алматыда қар жауып, жол қозғалысы қиындады. Салдарынан түнгі сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта 52 қоңырау келіп түсті, оның 18-і зардап шеккендер, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық полиция департаменті жүргізушілерге үндеу жасап, жолда абай болуға шақырды.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 262 патрульдік автокөлікте 611 полиция қызметкері кезекшілік етіп жатыр. Сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта Жедел басқару Орталығына жол-көлік оқиғасы туралы 52 қоңырау келіп түсті, оның 18-і зардап шеккендермен, - деді, Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция қызметкері жүргізушілерді аса сақ болуға, жылдамдықты шектен асырмауға, тежегіш педалін қатты баспауға, ең бастысы, басқа жол қозғалысына қатысушыларды орындалатын маневр туралы алдын ала ескертуге шақырды.
Сондай-ақ, полицейлер көліктердің дөңгелектерін уақытылы ауыстыру талабын еске салды.