Алматы полициясы мектептердің қауіпсіздік деңгейін тексерді
Жаңа оқу жылы қарсаңында қаладағы жалпы білім беру мекемелеріне тексеру жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары жеке күзет ұйымдарының басшыларымен кездесу барысында оқу үдерісінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басымдықтарын да талқылады.
Бүгінде қала мектептерінің қауіпсіздігін 1268 күзетшіден тұратын 42 жеке күзет ұйымы қамтамасыз етеді. Ең алдымен, мектептердегі қауіпсіздікті кәсіби деңгейде қамтамасыз ететін, лаңкестік қауіп-қатер және басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмін білуі тиіс кадрларды іріктеу мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар күзетшілерге нысанға кіру режимі, тыйым салынған заттармен кіруге болмайтыны жайында нұсқаулануы керек, күнделікті аумақ пен ғимаратта күдікті заттардың бар-жоғын тексеруді ұйымдастыру қажет, – деді Алматы қалалық ПД қауіпсіздік қызметін қадағалау басқармасының бастығы Нұрбол Қамаубаев.
Сонымен қатар спикер, күзет ұйымдарының өкілдері нысанның қауіпсіздік жүйесін, оның ішінде анықталған осалдықтар жайында, инженерлік қауіпсіздік және нысанның қауіпсіздік жүйесі туралы нысан әкімшілігін хабардар ету арқылы үнемі жетілдіруге міндетті екенін атап өтті.