10 Тамыз 2026, 13:14 Фото: Roy Rochlin / Getty Images

Алматы полициясы Канье Уэст концертіне билет сатушыларды бақылауға алды

Полицейлер тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жүр.

Алматы полициясы Канье Уэстің концертіне байланысты әлеуметтік желілерде жарияланған билет сатуға қатысты хабарландыруларды бақылауды жалғастырып жатыр. Алайда қазіргі уақытқа дейін жалған билет сату немесе алаяқтық әрекеттерінің нақты фактілері анықталмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері концерт кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды да тұрақты түрде мониторингтен өткізіп келеді.

Билеттерді жеңілдікпен сатуды ұсынған азаматтар анықталды. Олардың барлығы полиция бөлімшелеріне жеткізіліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда алаяқтық немесе билет қолдан жасау деректері тіркелген жоқ, – деді Ноғайбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.

Полицияның мәліметінше, кейбір азаматтар концертке алдын ала билет сатып алғанымен, түрлі себептерге байланысты шараға қатыса алмайтын болғандықтан, билеттерін төмен бағамен қайта сатуға тырысқан. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде адамдарды концерт аумағына билетсіз кіргізуді ұсынған хабарландырулар да анықталған.

Мұндай фактілердің жолы кесілді. Хабарландыру иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, жарияланымдар өшірілді, – деді басқарма басшысы.

Полиция тұрғындарды концерт билеттерін тек ресми платформалар арқылы сатып алуға шақырып, QR-коды жоқ ваучерлер мен күмәнді ұсыныстардан сақ болуға кеңес берді.

Еске салайық, бұған дейін америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне билет сатпақ болған күдікті ұсталған болатын