Алматы полицейлері суицид жасамақ болған әйелді құтқарып қалды

Алматы, BAQ.KZ. Құтқару іс-шарасы Алматының Бостандық ауданындағы «Керемет» тұрғын үй кешенінің аумағында жүргізілді. Бұл туралы қалалық ПД-і хабарлады.

Таңғы сағат 06:40-та «Керемет» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің бірі шу шығарып жатыр деген қоңырау келіп түскен.

«Буран-153» экипажының құрамында әріптесім Жалғас Бектұровпен осы мекенжайға келгенде, пәтер сырттан жабық тұрды, іштен дауыстар естілді, ал адамдар есікті іштен аша алмай жатты, – дейді Алматы қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің инспекторы Медет Мұсабаев. 

Полицейлер жергілікті тұрғындардың көмегіне жүгінген. 

Таңертеңгі жетіде біз ұйықтап жатқанбыз, айқай естілді. Әйел айқайлап жатты, ол секіргісі келді. Полиция келді, алдымен олар біздің терезені ашты, содан кейін оны құтқарды. Олар әр жақтан жақындау үшін есікті ашуға тырысты, – дейді сол үйдің тұрғыны.

Полицейлер оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

Біз пәтердің иесін шақырдық, оның артық кілті бар еді. Бірақ пәтер иесі келгенге дейін қыз терезені ашып, төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, өзіне қол жұмсамақ болды. Ол кондиционерге сүйеніп тұрды. Суицидтің алдын алу үшін біз бесінші қабаттан тартылған жіппен төмен түсуге мәжбүр болдық. Осылайша суицидтің алдын алдық, – деп қорытындылады полицей Мұсабаев. 

Алдын ала мәліметтер бойынша, өзіне қол жұмсамақ болған әйел мас күйінде болған. Себебі мен басқа да жағдайлар іс жүргізу барысында анықталатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы