Алматы өзендерінде сарғыш су ақты: "Алматы Су" себебін түсіндірді
Әлеуметтік желілерде Медеу ауданындағы өзенге сарғыш судың ағып жатқанын көрсеткен видео тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желі қолданушылары бұл судың ластануына алаңдаушылық білдірді. Алайда коммуналдық қызметтер экологияға ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.
"Алматы Су" коммуналдық кәсіпорны мұндай құбылыстар ауа температурасы көтеріліп, таудағы қар қарқынды еріген кезде және жергілікті сел жүрген жағдайда байқалатынын түсіндірді. Бұл жағдай таулы өзендердегі бастапқы судың лайлылығының артуына әкеледі.
Осыған байланысты су тазарту станциялары суды аз мөлшерде алуға мәжбүр болады, ал лай су қайтадан өзенге жіберіледі.
Бастапқы судың лайлылығының жоғары болуына байланысты технологиялық және санитарлық шектеулерге сәйкес су тазарту станцияларында су алу көлемін мәжбүрлі түрде азайту жүзеге асырылады. Таза ауызсу сапасына дейін тазарту мүмкін болмаған таулы өзендерден алынған судың бір бөлігі қайтадан өзенге төгіледі, – деп хабарлады "Алматы Су".
Мамандар жағдай толық бақылауда екенін және тұтынушыларға берілетін судың сапасына әсер етпейтінін айтты.
Төгілген су бөгде қоспаларды қамтымайды және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді, – делінген хабарламада.
Қаланың сумен жабдықталуы әдеттегі режимде жалғасып жатыр. Медеу ауданындағы судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін "Алматы Су" кәсіпорны сумен жабдықтау схемасын қайта баптаған.