Алматы орталығында түнгі уақытта шабыс ұйымдастырған салт аттылар жазаланды

Танымал қазақстандық әнші желіде Алматы орталығындағы түнгі салт аттылар шабысы туралы шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

URKER тобының солисі Айдос Сағат Treads әлеуметтік желісінде адамдардың атқа мініп, шауып жүрген видеосын жариялады. Кадрда ат тұяғының дүбірі салт аттылардың айқай-шуы араласқан күйде естіледі. Өнер иесінің айтуынша, мұның бәрі күн сайын қаланың “алтын шаршысының” қақ ортасында қайталанады.

Толықтай мемориалды тақтайшалармен көмкерілген, интеллигенттердің басты орталығы саналатын, культтік Төлебаев көшесінің бойымен, Қонаевтың үй-мұражайының жанынан, айқай-шумен, “улю-люмен” мына бассыз салт аттылары шаба жөнеледі. Бұл әр түн, қайталап айтамын, әрбір түні орын алып жатыр, – деп жазды Айдос Сағат.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қалалық Полиция департаментінде түсініктеме берді. Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеріс жүргізіп, қатысушылардың жеке тұлғасын анықтағанын айтты. Кінәлілер жануарларды ұстау ережесін және түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мұндай фактілерге принципті түрде жауап береміз. Қоғамдық тәртіпті бұзу – жол берілмейтін әрекет. Профилактика жылы аясында Алматы полициясы азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Қала тұрғындарын Заңды құрметтеп, бірге өмір сүру ережелерін сақтауға шақырамыз, – деді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы