19 Қыркүйек 2026, 18:47 Фото: ҚР ТЖМ

Алматы облысының тауларындағы 13 гектар аумақтағы өрт оқшауланды

Өртті сөндіруге ТЖМ тікұшағы тартылып, 54 тонна су төгілді.

Алматы облысының таулы аймағында құтқарушылар өртті оқшаулады. Өрт 13 гектар аумақты шарпыған, деп хабарлады Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі.

Еңбекшіқазақ ауданында, Қайназар ауылының маңында құрғақ шөп пен өсімдік жамылғысы өртенген. Өртті сөндіруді тік көтерілімдер, жер бедерінің күрделілігі және өрт ошақтарына апаратын жолдың болмауы қиындатқан.

Өртпен күресуге ТЖМ тікұшағы тартылды. Тікұшақ 18 рет су төгіп, жалпы 54 тонна су шашқан.

Бұған дейін өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың 50-ден астам қызметкері мен 16 техникасы жұмылдырылғаны хабарланған.

Елді мекендерге қауіп жоқ. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Оқиға орнындағы жұмыстар жалғасып жатыр.