Алматы облысының тауларында сел қаупін бақылау күшейтілді
Талғар өзені бассейнінде төрт автоматтандырылған станция орнатылды.
Алматы облысының таулы аймақтарында сел қаупін бақылау күшейтіліп жатыр. Талғар өзені бассейнінде мореналық көлдер мен сел қаупі бар аумақтарды тәулік бойы бақылауға арналған автоматтандырылған станциялар мен автономды бекеттер іске қосылуда.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Алматы облысының биік таулы аймақтарындағы сел қаупін бақылау және ерте ескерту жүйесінің жұмысымен танысты.
Талғар өзені бассейнінде ТЖМ сел қаупі бар аумақтарды тұрақты бақылау және ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету үшін бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр.
Қазақстанда алғаш рет биік таулы бақылау бекеттері автономды тұрғын модульдерімен жабдықтала бастады. Шыңғыс Арынов Талғар бассейніндегі мореналық көл маңындағы бақылау бекетінде жаңа модульдік үйді ашты.
Модуль «Қазселденқорғау» ММ-нің маусымдық бақылаушыларының тәулік бойы тұруына арналған. Ведомство қызметкерлері жарылған жағдайда қауіп төндіруі мүмкін мореналық көлдердің жағдайын бақылайды.
Модуль биік таулы аймақтардың жағдайына бейімделген. Ол жылу оқшаулағышпен, қажетті жабдықтармен және тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген. Автономды жұмыс істеу үшін күн панельдері мен аккумуляторлық жүйелер орнатылған.
Бақылау бекетіне Starlink спутниктік байланысы да қосылды. Оның көмегімен бақылау деректерін нақты уақыт режимінде жіберуге, сондай-ақ диспетчерлік қызметтермен және жедел штабтармен байланыста болуға мүмкіндік бар.
Тамыз айының ортасына дейін Алматы қаласы мен Алматы облысының биік таулы аймақтарындағы маусымдық бақылау бекеттері үшін тағы 11 жылытылған модульдік үй орнату жоспарланып отыр.
Жаңғыртудың тағы бір бағыты – мониторинг жүйесін автоматтандыру. Талғар өзені бассейнінде төрт автоматтандырылған станция жұмысын бастады. Олар гидрологиялық көрсеткіштерді, су деңгейін, сел қаупі бар арналардың жағдайын және жарылу қаупі бар мореналық көлдерді үздіксіз бақылап отырады.
Жиналған мәліметтер тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын қабылдау үшін «Қазселденқорғау» мамандарына жіберіледі.
Станциялар ЮНЕСКО қолдауымен және Бейімделу қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан GLOFCA – «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азия халқының мұздық көлдердің жарылу қаупіне осалдығын төмендету» халықаралық жобасы аясында орнатылды.
Жұмыс сапары барысында Шыңғыс Арынов Талғар бассейніндегі №19 мореналық көлде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарымен де танысты.
Ол жерде сифондық жүйелер іске қосылып, олардың көмегімен су деңгейі қауіпсіз межеге дейін кезең-кезеңімен төмендетіліп жатыр. Полиэтилен құбырлары арқылы су деңгейін төмендету жұмыстары сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
ТЖМ мәліметінше, автономды бақылау бекеттерін, автоматтандырылған станцияларды және алдын алу шараларын қатар қолдану ерте ескерту жүйесін күшейтіп, биік таулы аймақтағы жағдайдың ықтимал өзгерістеріне әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.