Алматы облысының кәсіпкері жасанды көлде балық пен қаз өсіруде

Алматы, BAQ.KZ. Елімізде жеке кәсіпкерлерді қолдау ерекше. Сондықтан да болар әр жерде жеке шаруалар қаз, үйрек, балық өсіріп, табыс табуға ден қоюда. 

Қаратал ауданының тұрғыны Анатолий Аксенов те осы кәсіпті бастау үшін 10 гектар жерге жасанды көл жасап, 10 жылдан бері балық өсірсе, соңғы 2 жылда қаз, үйрек өсіруді қолға алған.

Бұл фермада бүгінгі күні беламур, сазан, мөңке балықтары, қаздың Ресейден әкелінген етті бағыттағы үлкен Сера және ақ Линда қаз түрі бар. Балықтардың орташа салмағы 18 келі, қаздың орташа салмағы 4 келіге дейін жетеді.

Кәсіпкер Анатолийдың айтуынша, қаз балапандарын өсіріп, суға жіберген сәттен балықтың өсуі 2 есеге ұлғайған, себебі қаздың еті, жүні, аяқтары мен бауыры нарықта үлкен сұранысқа ие болса, оның саңғырығы да таптырмас тыңайтқыш.

Балық шаруашылығымен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Бұл кәсіп табысты болғанымен, оны 4 жыл бойы ауламай, баптау қажет. Ал қаз, үйрек балапандары 3 ай ішінде өсіп, ет алады. Еті диеталық жеңіл болып келеді. Қазірдің өзінде сұраныс өте көп. Бірақ Алматы облысын ғана қамтамасыз ете аламыз. Келесі жылы шаруашылықты кеңейтіп, өнімді бүкіл Қазақстанға және шет елге де экспорттауды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Фермада бүгінде 2000-ға жуық қаз бар. Алдағы уақытта қаз санын 20 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін алдымен қаз жемін егетін жер учаскесін әкімдіктен сұратып отыр.

Егер әкімдік жем егетін жер берсе, Ресейден тағы да қаздың етті губернаторлық тұқымын алдырамын. Қазір ферманың қаз еті өнімділік қуаты 5,3 тонна болса, келесі жылы 75 тоннаға жеткіземін, - дейді кәсіпкер.

Ал балық шаруашылығы өз алдына 4 жылда 120 тонна өнім береді. Келер жылы қаз саны артса, балық саны да едәуір артатындығы сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы