Алматы облысының дәрігерлері жер сілкінісі кезінде тапжылмай ота жасады

Жаужүрек дәрігерлер 50 жастағы науқасқа ота жасап, жер сілікінісінде өз жұмыстарын шебер орындаған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирург-дәрігерлері Тахир Шкуралиев, Айдос Кизатов және Шерхан Айжарық 50 жастағы науқасқа ота жасаған. 

Біз жер сілкініп жатқанын бірден түсіндік, бірақ ешқайсымыз үрейленбей, сабырлы түрде отаны жалғастырдық. Жер сілкінісінің күші одан да жоғары болса да, біз науқасты қалдырмайтын едік. Дәл қазір науқас өзін жақсы сезініп жатыр, тіпті экстремалды жағдайда ота жасағанына таң қалып, өз алғысын айтуда, – дейді оташы-дәрігер Шерхан Мұратұлы.

Ал дәрігер Айдос Кизатовтың айтуынша, дәрігерлер науқастардың қасында болып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. 

Науқастың өмірі мен денсаулығы бәрінен де жоғары. Біздің емдеу мекемесінде бірде-бір дәрігер науқасын тастап кетпей, оның қауіпсіздігі үшін, керісінше, жер сілкінісінің зардаптарынан қорғауға тырысты, – дейді дәрігер Айдос Кизатов.

Жер сілкінісі кезінде Қонаев қаласында салмағы 3910 грамм, бойы 55 см ұл бала дүниеге келді.

Нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару кезінде жан-жағымыз дір ете қалғанын сездік. Бұл жер сілкінісі екендігін түсіндік. Дегенмен ана мен бала өмірінің қауіпсіздігінің маңыздылығын ойлап, отаны сәтті аяқтауды көздедік. Мен жатырды тігуге кірістім. Әйелге жұлын анестезиясы берілгендіктен, ол нәрестесінің аман-есен дүниеге келгенін түсініп, жақсы сезімде болды. Мен үшін оның сол кездегі психологиялық тыныштығы бәрінен де маңызды еді. Сәбиінің дүниеге келуімен құттықтаймыз!, – дейді Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Раушан Әбдуәлиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы
Өзгелердің жаңалығы