Мереке қарсаңында Алматы облысының 63 тұрғынына мемлекеттік награда берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР президентінің Жарлығымен Алматы облысының 63 тұрғынына мемлекеттік наградалар тапсырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Олардың қатарында өндіріс, ауыл шаруашылығы, бизнес, білім, денсаулық сақтау, ақпарат салаларының өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер бар. Марапаттарды облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік тұрғыда аса маңызды шешімдер қабылданып, дамудың тың бағыттары айқындалды. Саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени салаларда түбегейлі өзгерістер жасалып, жаңаша дамуға кең өріс ашылды. Ауыл шаруашылығын дамыту, өндірістер ашу, инфрақұрылымдар жүргізу, ауруханалар мен мектептер салу, мәдениет нысандарын жаңарту, халықты, соның ішінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту сияқты маңызды міндеттер алдыңғы қатарға шығарылды. Ол үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, соның негізінде қажетті қаржы көздері тартылды. Оның игілігін бүгінде халық көріп отыр. Осы жылдардағы еліміздің барлық жетістіктері - Елбасының ешқандай таразымен өлшенбейтін, ештеңемен салыстыруға келмейтін толағай ерлігі мен маңдай терінің жемісі. Осы жемісті жылдарды жалғастыру үшін әрбір саналы азамат тәуелсіздіктің ең қасиетті құндылық екенін ұмытпай, бейбіт те берекелі ғұмырды көздің қарашығындай сақтауы тиіс, - деді Амандық Баталов.

Өз сөзінде Амандық Баталов жыл қорытындысы бойынша облыстағы негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Мәселен, облыс бюджеті 500 млрд. теңгеден асқан. Өнеркәсіп өндірісі 5,5% ұлғайып, жыл соңында өнім көлемі 1 трлн теңгеге жетеді. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 800 млрд. теңгеге жетіп, 103,2% өсім қамтамасыз етілді. Облыс экономикасына 522 млрд. теңге инвестиция тартылып, 46 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл - республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Жаңа президент Елбасының саяси ұстанымын, сара жолын жалғастырып, қуатты ел құру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Әлемдік бизнестің флагмандары Қазақстанға сенімді түрде инвестиция салуда. Қазіргі кезде біздің облыста осындай 9 Трансұлттық компания экономиканың алға басуына атсалысып отыр. Солардың қатарында "Маревен Фуд", "Лукойл" сияқты іргелі компанияларды атауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Лукойл" мұнай компаниясының президенті Вагит Аликперовпен кездесуінде Алматы облысында салынған мұнай өңдеу зауыты үшін өз алғысын білдіріп, компанияның Қазақстан экономикасына қосатын елеулі үлесіне тоқталды. Өткен аптада ел Президентінің Германия Мемлекетіне сапары барысында Қазақстанға инвестор ретінде келетін кәсіпкерлерге арнайы жеңілдіктер жасалатынын атап өтті. Бұл бағытта біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Баршаңызды ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтаймын! Табыстарыңыз мол, шығар асуларыңыз биік болсын! Көк туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын! - деді облыс әкімі А. Баталов өз құттықтауында.

Президенттің Жарлығымен 63 жетісулық азамат "Парасат", "Құрмет", ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" ордендеріне, "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарына, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына ие болды, сол сияқты "Nur Otan" партиясының "Белсенді қызметі үшін" төсбелгісі де осы жиында табысталды. Сегіз тұрғынға "Алматы облысының Құрметті азаматы" атағы берілді.

Б. Римова атындағы драма театрының әртісі Кендебай Темірбайұлы, "Ауғанстандағы жергілікті әскер ардагерлері" ардагерлер кеңесі қоғамдық ұйымының төрағасы Бауыржан Барлыбаев, Ақсу және Көксу аудандарындағы "Дәулет-Б" және "Қыдырәлі" шаруа қожалықтарының механизаторлары Қазыбек Оспанов пен Ерлан Шеңгелбаев, Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылдық ауруханасының балалар дәрігері Назгүл Ниязбаева, Іле аудандық орталық аурухананың дәрігері Райса Қазанбасова, Қаратал ауданындағы М. Горький атындағы орта мектептің мұғалімі Динара Түменбаева және басқа да азаматтар бар.

Марапат иелерінің атынан Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі, "Парасат" орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен Қапшағай ауруханасының балалар дәрігері, "Шапағат" медалінің иегері Айман Рақышева сөз алып, барша жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, өздеріне көрсетілген құрмет пен марапат үшін алғыстарын білдірді.

Сол сияқты "Өлке тынысы" ЖШС директоры, "Алматы облысының Құрметті азаматы" атағын алған Мейрам Жанәділов өз сөзінде журналистік еңбек жолының алғашқы жылдарының тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келгенін еске алды.

Тәуелсіздіктің жетістіктері Тұңғыш президентіміз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Мен тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдардан-ақ қалай қалыптасып, қалай өскенін көру бақыты бұйырғанына қуанамын. Журналистік жолым басталған кездерде іссапарларға шығып, Елбасының жетекшілігімен атқарылған істерді насихаттадым. Жұмысымның ерекшелігіне қарай Елбасының жанында жиі жүрдім, үнемі оның ерекше еңбекқорлығына, нақты міндеттер жүктей отырып, сол істің сапалы әрі дер кезінде орындалуына қол жеткізе білетіндігіне таңғалатынмын. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Тәуелсіздік күніне орай облысымыздың бірқатар тұрғындары мемлекеттік наградалармен лайықты марапатталып отыр. Олардың арасында мұғалімдер де, дәрігерлер де, мәдениет қызметкерлері де, қарапайым еңбек адамдары да бар. Оған біз шын жүректен қуанамыз. Баршаларыңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!, - деді М. Жанәділов.

Салтанатты жиын облыстағы өнер ұжымдарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік шарамен жалғасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы