Алматы облысының тұрғыны киік мүйізімен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының тұрғыны киік мүйізінің төрт данасын өткізу кезінде ұсталған, деп хабарлады Polisia.kz.

Көлік құралын тінту барысында одан өзге тағы бес мүйіз автокөліктің астынан табылды.
Белгісіз ер адамның киік мүйіздерін сатқысы келетіні туралы бізге жедел ақпарат келіп түсті. Ақпарат бірден жұмысқа қабылданды. Осылайша, біршама уақыттан кейін Талдықорған қаласында арнайы операция барысында Текелі қаласының 46 жастағы тұрғыны ақшалай қаражатты беру кезінде ұсталды. ҚР ҚК 339-бабының 1-1-б. сәйкес басталған сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында ұсталған азаматтың киік мүйізін қайдан сатып алғаны және қандай мақсатпен сатуға шешім қабылдағаны анықталатын болады. Барлық табылған заттай дәлелдемелер алынып, жалпы саны тоғыз киік мүйізі сараптамаға жіберілді, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.
Полиция ұсталған азаматтың іс-әрекетінде қылмыс белгілері байқалатынын еске салады, бұл киікті заңсыз аулау, жою, сондай-ақ, заңсыз ауланған киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау әрекеттері. Қылмыстың бұл түрі үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы