Алматы облысының тұрғындары суды пайдалану үшін 400 млн теңге артық төлеген

Астана, BAQ.KZ. Алматы облысының 220 мың су тұтынушыларына артық төленген 400 млн теңге коммуналдық төлемдері қайтарылады.

Прокурорлық тексеріс шеңберінде монополистермен шығындарды заңсыз асыра көрсету, оның ішінде тарифтік сметаға қосымша жұмыс орындарын енгізу, мүлікті қалпында ұстау сияқты негізделмеген шығындарды қосу фактілері айқындалды.

Мысалы, "Талғар Су" МКК-да тарифтік сметаға негізсіз 78 млн теңгені артық қосу салдарынан 37 мың азамат суды қолдануға артық төлем төлеп отырған.

Осыған орай, прокуратураның талабы бойынша ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап артық төленген коммуналдық төлемдер тұрғындарға төмендетілген тариф түрінде қайтарылады және ол туралы түбіртектерде бөлек бағанада көрсетіледі.

Одан бөлек, облыстың 60 елді мекенінде бекітілген тарифтің болмауы себебінен, қызмет көрсетуші мекемелер су тұтыну бағасын өз қалауы бойынша белгілеген.

Прокуратураның тапсырмасына сәйкес аталған факті құзіретті органмен тексерілуде.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы