Бүгiн 2026, 13:14 Фото: istockphoto.com

Алматы облысында жеке сот орындаушылары палатасының басшысы лицензиясынан айырылды

Сот кәсіби міндеттердің тиісінше орындалмағанын анықтап, Әділет министрлігінің талабын қанағаттандырды.

Жетісу облысының Кербұлақ аудандық соты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жеке сот орындаушысы А.М. Байчепановты лицензиясынан айыру туралы талабын қанағаттандырды.

Соттың мәліметінше, іс бойынша шешім 2026 жылғы 16 маусымда шығарылған.

Істі қарау барысында сот жеке сот орындаушысының кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағанын көрсететін заң бұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттардың міндетті әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге қатысты талаптары сақталмағаны белгілі болды.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот Әділет министрлігінің талаптарын негізді деп танып, А.М. Байчепановты жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Байчепанов Алматы облыстық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы қызметін де атқарады.

Сот шешімі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген мерзімдерде заңды күшіне енеді.