14 Қазан 2026, 17:57 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Алматы облысындағы атыс пен шабуыл: Полиция жанжалға қатысушыларды ұстады

Атыс шығарғандар көлікті пневматикалық қарудан атқылаған.

Алматы облысы Қосөзен ауылынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Жазба авторының айтуынша, үш ер адам бір адамға шабуыл жасап, көлікті пневматикалық қарудан атқылаған. Полиция бұл жанжалға қатысушылардың ұсталғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Не болды?

Оқиға 14 қазанда Іле ауданы Қосөзен ауылында орын алған. Тараған кадрлардан шанағы зақымдалып, әйнегі сынған көлікті көруге болады. Видео авторы үш ер адамның бір адамға шабуыл жасап, пневматикалық қарудан оқ атқанын мәлімдейді.

Полиция не деді?

BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында Алматы облысы Полиция департаменті бұл бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірнеше сағат ішінде жанжалдың барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Жанжалдың әрбір қатысушысының әрекетіне құқықтық баға беріледі.