Алматы облысында жыл соңына дейін 109 шақырым республикалық жол жөнделеді
Жөндеу кезінде көлік қозғалысы тоқтатылмайды.
2026 жылы Алматы облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 308 шақырымы орташа жөндеумен қамтылды. Оның 109 шақырымы Кеген және Райымбек аудандарына тиесілі.
Кеген ауданында «Көкпек – Кеген – Түп» автожолының 35 шақырымы жөнделіп жатыр. Жұмысқа 40 маман мен 45 техника жұмылдырылған.
Райымбек ауданында «Кеген – Нарынқол» автожолының 74 шақырымында жөндеу жүргізілуде. Мұнда 90 маман мен 50 жол техникасы жұмыс істеп жатыр.
Жөндеу кезінде көлік қозғалысы тоқтатылмайды. Жол негізін нығайту үшін ресайклинг әдісі қолданылып, үстіне екі қабат асфальтбетон төселеді. Жұмысты жеделдету үшін үш асфальтбетон зауыты тартылған.
Кеген және Райымбек аудандарындағы 109 шақырым жолды жөндеуді 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба жолдардың жағдайын жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.