Алматы облысында жүн өңдеу цехы ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Қапал ауылында жүнді өңдеу және ұлттық көрпе жасау бойынша этникалық шеберхана ашылды.

Бүгінде ел игілігіне арналған бағдарламалар мемлекеттен қолдау тауып, көптеп жүзеге асуда. Тек бағдарлама тиімділігін пайдалана білуге сауаттылық, ізденіс қажет. Аталған жобаға сәйкес жүнді өңдейтін апараттар әкелінді. 

«Тамшыбұлақ» қоғамдық қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грант қаражатымен және «Ауылда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» тақырыбындағы байқау аясында «Жүнді өңдеу және ұлттық көрпе жасау бойынша этникалық шеберхана ашу» әлеуметтік жобасын жүргізуде.

Жобаның басты мақсаты - ұлттық төл өнерді дамыту үшін этникалық шеберхана ашу арқылы жұмыссыз әйелдерді жұмысқа орналастыру, сонымен қатар ауылда кәсіпкерлікті дамыту, жастарға ата-кәсіпті үйрету және халыққа қызмет көрсету, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер беру.

Қазір кәсіптің, еңбектің заманы емес пе? Біз де уақыт ағымына ілесіп, кәсіп көзін ашуды мақсат еттік. Тиісті құжаттарымызды өткіздік. Соның нәтижесінде, бағдарлама жеңімпаздарының бірі болып танылып, қайтарымсыз грантқа ие болдық. Кәсібімізді бастап, көне заманнан қол үзбей келе жатқан, ұлттық қолөнерді дамытуымыз керек, - дейді «Тамшыбұлақ» қорының жетекшісі Жанат Есімбеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы