Алматы облысында жол жөндеуге 61,7 млрд теңге бөлінген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал - Достық», «Күрті - Бурылбайтал» және «Ұзынағаш - Отар» республикалық жолдарының құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.
Барлық учаскелердегі жұмыстар 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы биылғы жылы жергілікті жолдарды салу мен жөндеуге 61,7 млрд теңге бөлінген, соның 19,7 млрд теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Облыс басшысының айтуынша, осы қаржыға «Алматы–Өскемен–Лепсі–Ақтоғай» жолының 18 км, «Сарыөзек-Қорғас-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ» жолының 28 км, Талғар ауданында «Талхиз қаласын айналып өту» жолының 1,8 км және басқа да жолдар қайта жаңғыртылып жатыр.
Жөндеу жұмыстары барысында 347 елді мекеннің ауыл ішілік жолдары қамтылды.
Сөйтіп, жыл соңына қарай Алматы облысындағы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың көлемі 84%-ке жетеді.