Алматы облысында жеті жерде қар көшті
Түскен көшкіннің жалпы көлемі 428,2 текше метрді құрады, деп жазады BAQ.KZ.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023 жылдың 9 наурыз күні сағат 10-30-да Алматы облысының ТЖД Еңбекшіқазақ ауданында Есік өзені бассейнінің шатқалы арқылы өтетін облыстық маңызы бар "Есік қаласы - Есік өзені” автожолында тау беткейлеріндегі қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты жеті жерде қар көшкіні өздігінен түсті. Түскен көшкіннің жалпы көлемі 428,2 текше метрді құрады.
Түскен көшкін облыстық маңызы бар "Есік қаласы - Есік өзені" автожолын жауып тастады. Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.
Бұл автожолды тазарту 2023 жылдың 10 наурызында жүргізіледі. көшкін болған жерге "Қазселденқорғау" ММ-нің 3 қызметкері және 1 бірлік техникасы, ТЖ департаментінің 1 қызметкері мен 1 бірлік техникасы шықты.
Азаматтардың қауіпсіздігі және автокөлік жол қозғалысын тоқтатпау мақсатында Алматы облысының "Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" ММ-нің 2022 жылғы 7 қарашадағы хатына сәйкес Есік қаласы - Есік өзені автожолының 7 километрінен 15 километріне дейінгі, сондай-ақ Түрген-Батан ауылы-Асы обсерваториясы автожолының 20 километрінен 41 километріне дейінгі аралық 2023 жылғы 31 наурызға дейін жабық, - делінген ТЖМ таратқан ақпаратта.
Шығыс Қазақстан облысында болған мол жауын-шашын, жел және температуралық фонның көтерілуі қар көшкіні қаупі бар беткейлерден қардың түсу қауіп-қатерін туғызды. «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары көшкіннің өздігінен түсуінің алдын алу мақсатында «Өскемен-Алтай» автожолының 61-62-шақырымында қарды профилактикалық түсірулер жүргізді.
Автожолға көшкін түсу қаупіне байланысты біз 5 рет жалпы көлемі 23700 текше метр қар түсірдік. Қар массасы жолды толығымен жауып тастады. Қазавтожол қызметкерлері автожолды тазартуда. Біз өз тарапымыздан қар көшкінін болдырмау бойынша жұмыс жүргіздік, азаматтарға тауда болған кезде ережелерді сақтауға кеңес береміз. Көшкін қаупі бар ошақтардан өтіп бара жатқанда өте мұқият болуыңыз керек, олардың жанында тоқтамаңыз. Жауын-шашын көп жауған кезде қар көшкінінің түсу қаупі артады, - деп Қазселденқорғау ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев айтты.