Алматы облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен мопед жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен
Жаяу жүргіншілер өткелінде зейнеткер әйелді қағып кеткен мопед жүргізушісі күтпеген әрекетке барды.
Алматы облысының Боралдай кентінде мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан зейнеткер әйелді жоғары жылдамдықпен қағып кетті.
Оқиға орнында түсірілген бейнежазбада соқтығыс салдарынан мопед жүргізушісі, оның жолаушысы және жаяу жүргінші жолға құлағаны көрінеді. Алайда жүргізуші зардап шеккендерге көмек көрсетудің орнына, заттарын жинап алып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдары жүргізушінің жеке басын жедел анықтаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші мен мопедтің жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта мопед жүргізушісіне қатысты Жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.