Алматы облысында жасөспірімді қорқытқан бопсалаушылар ұсталды
Алматы облысында жасөспірімді қорқытқан бопсалаушылар ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Балқаш ауданы Миялы ауылының 42 жастағы тұрғыны жүгінді.
Әйелдің айтуынша, 2025 жылғы 8 ақпанда сағат 15:00 шамасында Қызыл-Қайрат ауылында белгісіз адамдар оның кәмелетке толмаған ұлын күштеп Hyundai Elantra автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Оның сөзіне қарағанда, күдіктілер баланы ұрып-соғамыз деп қорқытып, 5 миллион теңге талап еткен.
Аталған факті бойынша бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушіні интернетте жеке видеосын таратамын деп қорқытып, бопсалағаны анықталды – деді полицейлер.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді 500 мың теңгенің бір бөлігін алу кезінде қолға түсірді.
Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай шаралар "Заң және тәртіп" қағидасын сақтауға ықпал етеді.