Алматы облысында жаппай төбелес: полиция қару қолданды
Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу үшін полиция қару қолданды.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында бір топ ер адам қатысқан жанжал орын алды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ескерту ретінде аспанға оқ атып, жеті адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиғаның бейнежазбалары әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан атыс дыбыстары естілетіні айтылған.
Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, бейнежазбада көрсетілген заңсыз әрекеттер 2026 жылдың 28 наурызында Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған.
Аталған факті бойынша екі қылмыстық іс тіркелді – бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету деректері бойынша. Жеті адам күдікті деп танылып, барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ол.
Сондай-ақ, оның сөзінше, аспанға атылған оқтар ескерту мақсатында жасалған. Бұл қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу үшін қолданылған шара.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.