Алматы облысында жаңа сейсмикалық станция іске қосылды

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов Алматы облысында «Известковый» сейсмикалық станциясының жаңа модульдік ғимаратының ашылуына қатысты. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл нысан бар болғаны 45 күн ішінде тұрғызылып, Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының (СБЗҒО) инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасы аясында модернизацияланған алғашқы станция болды.

Қарасай ауданындағы Көктөбе ауылында орналасқан бұл станция оңтүстік өңірдің сейсмологиялық мониторинг жүйесінде маңызды рөл атқарады және еліміздің ұлттық бақылау желісіне кіреді.

Известковый станциясы – жер сілкінісін болжаудың маңызды элементі. Енді ол толықтай заманауи талаптарға сай келеді. Біз сейсмикалық қауіптерге дайындықты күшейту мақсатында станциялар желісін жаңғыртуды жалғастырамыз, - деді Шыңғыс Әрінов.

Жаңа ғимарат сэндвич-панельдерден салынған және тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген. Мұнда жылы еден, зертхана, демалыс бөлмелері, санитарлық торап және заманауи байланыс құралдары қарастырылған. Сондай-ақ аумақты көгалдандыру мақсатында шырша көшеттері отырғызылды.

Станция жер сілкінісі туралы деректерді жинау мен берудің жылдамдығы мен дәлдігін арттыратын жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал алынған мәліметтер СБЗҒО-ның бірыңғай бақылау базасына жіберіліп, қысқа және орта мерзімді сейсмикалық болжамдар жасауға негіз болады.

«Известковый» станциясын жаңарту – Ұлттық сейсмологиялық орталықтың барлық станцияларын модернизациялаудың алғашқы кезеңі. ТЖМ алдағы жылдары желіні кезең-кезеңімен жаңартып, елдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы