Алматы облысында ыстық суға баратын жолдың құрылысы қашан аяқталады?
Алматы облысының Ұйғыр ауданында Көкпек ауылынан аудан орталығы Шонжыдағы ыстық суға дейінгі 85 шақырымдық автокөлік жолы қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жолға соңғы рет 20 жылдан астам бұрын күрделі жөндеу жасалған, содан бері оның жағдайына жергілікті тұрғындар жиі шағымданып келген. Трассаның екі бөлігі реконструкциялануда.
Қайта жаңарту жұмыстарына республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді. Биыл инертті материалдарды төсеу және асфальттың алғашқы қабатын салу жоспарланған. Реконструкция толықтай 2026 жылы аяқталмақ. Алайда қозғалыс бұдан ертерек ашылады.
Соңғы күрделі жөндеуде жолдың тек үстіңгі қабаты ауыстырылған, кейін тек шұңқырларды жамаумен шектелген. Қазір орташа жөндеу жүргізілуде және биылдың өзінде бір қабат асфальтпен жол қозғалысы ашылады, – деді Алматы облысының әкімдігінде.
Айта кетейік, биыл Алматы облысында республикалық маңызы бар 247 шақырым жол жаңартылады, негізінен Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында.