Алматы облысында вольфрам өндіру жөніндегі жоба іске асырылуда

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Jiaxing International Resources Investment LTD бас компаниясының өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өнеркәсіп комитетінің мәлімдеуінше, кездесуде Алматы облысындағы Бұғыты кен орнында вольфрам өндіру жобасының іске асу барысы талқыланды.

«Жетісу Вольфрамы» ЖШС Алматы облысындағы Бұғыты кен орнында вольфрам өндіру жобасын іске асыратын тау-кен өндіру кәсіпорнын салуда. Бұғыты кен орнының кен өндіруге арналған келісімшарты бар (25 жыл мерзімге 02.06.2015 ж. №4608-ТПИ келісімшарты).

Құрылыс-монтаждау және тау-кен дайындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Пайдалануға беру 2024 жылдың соңына жоспарланған. Кен орны, байыту фабрикасы 1000 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Кәсіпорынның жобалық қуаты 65% вольфрам концентратын шығарумен 3,3 млн тонна вольфрам кендерін өндіру және өңдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта 65% вольфрам концентратын 88,5% дейін (аммоний паравольфраматы) және жоғары тазалықтағы вольфрам карбидін одан әрі өңдеу бойынша терең өңдеу кешені құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жүргізілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Өнеркәсіп комитеті
Өзгелердің жаңалығы