Алматы облысында тауда жарақат алған екі турист құтқарылды
Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Алматы облысының Талғар ауданындағы Букреев шыңында теңіз деңгейінен 3010 метр биіктікте екі турист қызға құтқарушылардың көмегі қажет болды.
2003 және 2006 жылы туған қыздар 10 адамнан тұратын туристік топпен тауға көтерілген. Жорық барысында олардың аяқтары жарақаттанып, өздігінен төмен түсе алмай қалған.
Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына «Бұтақты» бақылау-құтқару бекетінің құтқарушылары жедел жетті. Олар туристерді тауып, қауіпсіз түрде эвакуациялап, «Бұтақты» бақылау-құтқару бекетіне жеткізді. Кейін қыздар ата-аналарына тапсырылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тауға шығар алдында өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалап, дайындық деңгейіне сай бағыт таңдауға, байланыс құралдарын бірге алып жүруге және жоспарланған маршрут туралы жақындарына алдын ала хабарлауға кеңес береді.