Алматы облысында тауда адасып кеткен жасөспірім құтқарылды
Жұмыстарды үйлестіру үшін Үлкен Алматы көлі аумағында жедел штаб құрылды.
Алматы облысының Қарасай ауданында құтқарушылар Сәтбаев шыңының маңында адасып кеткен жасөспірімді тауып, эвакуациялады. 2010 жылы туған бала тауға өз бетінше шыққаннан кейін онымен байланыс үзілген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірімнің нақты орналасқан жері туралы геолокация деректері болмағандықтан, іздестіру жұмыстары қиындаған. Құтқарушылар оны Сәтбаев шыңының солтүстік беткейінен тапты.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 114 қызметкер мен «Қазавиақұтқару» әуе кемесі жұмылдырылды. Жұмыстарды үйлестіру үшін Үлкен Алматы көлі аумағында жедел штаб құрылды.
Құтқарылған жасөспірім Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Алдын ала диагноз бойынша, оның жеңіл дәрежедегі тау ауруы мен гипотермия белгілері анықталған.
ТЖМ тауға шығар алдында маршрутты жоспарлап, ауа райы мен күннің бату уақытын ескеруге шақырады. Сондай-ақ туристік соқпақтардан шықпай, өз мүмкіндігін дұрыс бағалау қажеттігін ескертеді.