Алматы облысында тас көшкінінен зардап шеккен турист құтқарылды
Құтқару операциясына тікұшақ тартылып, зардап шеккен турист қауіпсіз жерге жеткізілді.
Алматы облысында құтқарушылар Қарнизный шыңына көтерілу кезінде жарақат алған туристі эвакуациялады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Қарасай ауданында болған. Шамамен 4500 метр биіктікте көтеріліп бара жатқан ер адам тас көшкінінің астында қалған. Соның салдарынан оның аяғы мен беті жарақат алып, таулы аймақтан өздігінен шыға алмаған. Оқиғадан кейін оның нақты қай жерде екені белгісіз болған.
Туристі эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды. Ол Боралдай әуежайына жеткізіліп, онда оны Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері күтіп алған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам Алматы қаласындағы клиникалық ауруханалардың біріне жатқызылды.
Туристі іздеуге бірден Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары және Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары шыққан. Бірлескен іздестіру жұмыстарының нәтижесінде олар зардап шеккен туристі тауып алды.