Алматы облысында тағы бір “Алтын адам” табылуы мүмкін
Алматы облысының Ұйғыр ауданында археологтар сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлерді тапты. Бұл бұйымдар 1969 жылы Есік қаласы маңында табылған әйгілі “Алтын адамның” әшекейлеріне ұқсас, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Тоғызбұлақ-1 қорғанынан табылған олжалар сақ кезеңіне жатады. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы Қарадала өңірінде шамамен 50 шақты сақ қорғаны орналасқан. ҚазҰУ археологтары екі ай ішінде алты жерлеу орнын зерттеген.
Археологиялық қазбалар барысында шамамен 30 артефакт табылған, олардың арасында алтын жүзіктер, әйелдердің сырғалары мен алқалары, әртүрлі белдік ілгектері мен алқалар бар. Сонымен қатар жақсы сақталған алтын тіс жапсырмалары мен мүйіз түріндегі әшекейлер табылған.
Мұнда да "Алтын адам" жерленуі мүмкін деген болжам бар. Бірақ қорғандардың көбі ертеде тоналып кеткен. Дегенмен бұл билік өкілдерінің қорымдары болған. Бұл қорғандар элитаға тиесілі. Алдын ала бағалауға сәйкес, табылған алтын бұйымдар б.з.д. IV–III ғасырларға жатады, – деді экспедиция жетекшісі Досбол Байқонақов.
Жаңа табылған бұйымдар Қазақстанның ежелгі тарихын тереңірек зерттеуге үлкен үлес қосады деп бағаланып отыр.