Алматы облысында табиғи шырын өндіретін зауыт ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алматы облысы Жамбыл ауданында өндіріс көлемі 1,4 млрд теңге болатын бөтелкедегі су мен табиғи шырын өндіретін зауыт іске қосылды,  деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Нысанның ресми ашылуына Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысты.

Бірінші кезекте баршаңызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру – бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі. Осы бағытта Жамбыл ауданы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «AI-RAI OLL» ЖШС зауытын ашып отырмыз. Таза ауыз су, сусындар мен табиғи шырындар шығаратын зауыт жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін, - деді Ертас.

Жалпы жобаның құны 372,1 млн теңге. Серіктестік 1-ші кезегінде көлемі 0,5 литрден 5 литрге дейін бөтелкеге құйылған ауызсу шығара бастайды. 2-ші кезегінде кәсіпорын іргесі кеңейтіліп, түрлі сусындар мен шырын шығармақ. «AI-RAI OLL» ЖШС 15 түрлі отандық өнім шығаруды, 40 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Жоспарланған өнім көлемі – шамамен 1,4 млрд теңге немесе 12 600 дана өнім. Бұл әзірге ішкі нарыққа шығарылады. 

Жамбыл аудандық әкімдігінің хабарлауынша, ауданда 2021 жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15 млрд теңге болды. Шағын және орта бизнесте 8626 нысан жұмыс істейді, экономикалық белсенді халықтың 15% немесе 14 мың адам осы салада жұмыс істейді. Шағын бизнесте 35 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Аудан экономикасына 20,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 %-ға артық. Жалпы Жамбыл ауданында 2025 жылға дейін 300 жаңа жұмыс орнын құратын құны 22,7 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы