Алматы облысында табиғатты ластаған 761 адамға айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, экологиялық жағдайды жақсарту және табиғатқа деген қамқорлықты халыққа жеткізу мақсатында 24 шілдеден бастап өңірдегі адамдар көп жиналатын жерлерде, су айдындарының жағалау аймақтарында, жағажайларда, демалыс аймақтарында, табиғи парктерде және халықтың басқа да демалыс орындарында рейд өткізілді.

Жұмылдырылған барлық қызметтер мен ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіру, келіп түскен ақпаратты жинақтау үшін әр ауданда мобильді топтар құрылды. Топ құрамына учаскелік полиция инспекторлары мен аудан әкімдігінің сауда бөлімі, СЭС, өртке қарсы қызмет және қоғам өкілдері тартылды. Іс-шара барысында қоғамдық орындарды ластау бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше көңіл бөлінді, - деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Жалпы, "Таза Қазақстан" профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері 761 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы бойынша белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін – 268; 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін – 258; 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктер ішкені үшін – 130; 434-2 бабы бойынша жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 68 әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, аталған кодекстің 382-бабы бойынша жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 12, 383-бабы бойынша балық аулау ережелерін бұзғаны үшін де тура 12 құқық бұзушы анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы