Бүгiн 2026, 19:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Алматы облысында сұмдық қылмыс: Күдіктілер 25 жылға сотталды

Алматы облысында адам өлтіру, зорлық-зомбылық және адам ұрлау ісі бойынша үкім шықты.

Алматы облысында адам өлтіру, зорлық-зомбылық және адам ұрлау ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ауыр қылмыстар бойынша айыпталған азамат А., сондай-ақ кәмелетке толмағандар Е. мен К.-ға қатысты үкім шығарды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы А. жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылықты бұзып, жеке құпия мәліметтерді таратқан.

Сонымен қатар оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны анықталған.

Бұдан бөлек, ол жәбірленушінің туыстарының үйіне заңсыз кіріп, оларды өлтіремін деп қорқытқан.

Тергеу барысында А.-ның кәмелетке толмаған Е. мен К.-ны қылмысқа тартқаны белгілі болды. Олардың қатысуымен жәбірленушінің ағасы өлтіріліп, кейін оның баласы ұрланған.

Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп таныды.

Үкімге сәйкес:

  • А. кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • кәмелетке толмағандар Е. мен К. әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарды қанағаттандырды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.