Алматы облысында суару желілерін қайта жаңғырту жобасы іске қосылды
Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған жоба аясында Ескелді ауданында 4262 гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша "Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Алматы облысының 137,8 мың га алқаптағы суармалы жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы жобаны іске асыру үшін 2017 жылы Ислам Даму Банкінен 143 млн АҚШ доллары мөлшерінде Халықаралық қарыз тартылған. Жобадағы қалпына келтірілетін аудандар қатарына 35 410 га болатын Алматы облысының 4 ауданы кірген, атап айтсақ Ақсу, Алакөл, Ескелді және Көксу аудандары.
Ескелді ауданының суару жүйелерін қайта құру жұмыстары 2018 жылдан бері "Асатай" ЖШС мердігерлік ұйымымен 1 848 млн теңгеге жүргізілуде. Қалпына келтірілетін алаң 4 262 га құрайды, бұл ретте суармалы алқаптың жалпы ауданы 45 мың га құрайды, жылдық суға қажеттілік 415-420 млн м3, бірақ нақты тұтыну 360 млн м3 құрайды. Осылайша, ауданның сумен қамтамасыз етілу деңгейі ең көбі 85% құрайды.
Жобаны қаржыландыру жөніндегі үйлестірушісі Сапар Кенжетай су желілері жөнделгелі су көп мөлшерде үнемделгенін айтады.
Жоба аясында 307 шақырымды су желісі жөндеуден өтіп, 270 су бұру шлюзы қойылды. Нәтижесінде судың шығыны едәуір үнемделді,-деді ол.
Жобада ауданның жалпы ұзындығы 292 км 88 каналын қайта жаңарту қарастырылған.
Суару желілерін қайта құру өңірдегі суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға, суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициентін, сондай-ақ алаңдарды сумен қамтамасыз етудің кепілдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде осы шаралар ауыл шаруашылығы дақылдарының (дәнді, техникалық, жем-шөп, көкөніс, бақша және бақша) егістігін ұлғайтуға, 3500-ден астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және жалпы алғанда, Алматы облысы экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.