Алматы облысында шәй шығаратын зауыт ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында түрлі шәй шығаратын зауыттың жұмысы басталып кетті. Бұл туралы «Жетісу Медиа» ақпарат алаңы хабарлады.

Зауытта елімізге кең таралған 26 түрлі шәй өндіріледі. 

Заманауи техникалармен жабдықталған зауытымыз 0,25 гектар жерді алып отыр. Біздегі шәй өнімдері 5 түрлі жалпы атаумен шығарылады. Әрбір атаудың ішінде тармақтары бар. Шәйдің түрлері сортына қарай көбейе береді. Егер бізге тиісті жер телімі қарастырылса, болашақта 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігіміз бар, – дейді зауыт директоры Сейдахмет Аралбай.

«Орда трейд Астана» деп аталатын ЖШС-де қазір 55 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлығы 90 000-120 000 теңге аралығында.

Аталған өндіріс орнымен танысқан аудан әкімі Нұрлан Ертас кәсіпкерлерді қолдауға әркез дайын екендіктерін жеткізді.

Бұл ауыл халқына жасалған үлкен көмек. Бастысы зауытты Жамбыл ауданына заңды тіркеп, ауданның салық түсіміне үлес қосу қажет. Әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауларды жасауға дайынбыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Айта кету керек, қазірдің өзінде зауыттың өнімі республикамыздың барлық аймағына таралып жатыр.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы