Алматы облысында дәрігерлер сәбиді құлатып алған: Жаңа туған нәресте мерт болды
Туысының әлеуметтік желідегі жазбасында дәрігерлердің оқиғадан кейін баланың жағдайын қалыпты деп бағалап, анасымен бірге палатаға жібергені айтылған.
Алматы облысында туғаннан кейін бес күннен соң қаза болған нәрестенің өлімі Threads желісінде талқыланып жатыр. Марқұм сәбидің туыстары қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болғанын айтып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде жазба жариялаған Бибінұр есімді әйелдің сөзінше, сәби дүниеге келер сәтте жарақат алған.
Босанатын әйелді зембілмен емес, мүгедектер арбасымен алып бара жатқан. Сол кезде нәресте құлап кеткен. Содан кейін де дәрігерлер ешқандай көмек көрсетпеді. Баланың жағдайы жақсы екенін айтып, анасына бере салған, – деп жазды Бибінұр.
Туысының айтуынша, келесі күні нәрестенің жағдайы күрт нашарлаған. Сәби емуден қалып, әрең тыныс ала бастаған соң басқа ауруханаға ауыстырылған.
Ол жақта балаға ота жасалды. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады. Кейін дәрігерлер нәрестенің жарақатпен түскенін айтты, – дейді марқұмның туысы.
Оның сөзінше, қазір перзентхана әкімшілігі болған оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнына алудың орнына кінәні босанған әйелге аударуға тырысып жатыр.
Туыстары барлық құзырлы органға жүгінетінін мәлімдеді.
Бибінұрдың сөзінше, дәрігерлер келіп, кешірім сұрап, кінәсін мойындаған.
Басқарма тексеру басталғанын хабарлады
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға қатысты BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.
Ведомство Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасында медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде жарияланған деректер бойынша қызметтік тексеру басталған.
Басқарманың мәліметінше, түпкілікті қорытынды ішкі тексеру аяқталып, медициналық құжаттарға сараптама жасалғаннан кейін шығарылады.
Барлық тексеру шарасы аяқталып, уәкілетті сарапшылардың қорытындысы алынған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.