Алматы облысында құрылған жер комиссиясы Панфилов ауданына барады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында құрылған жер комиссиясы жуырда Панфилов ауданында жұмысын бастайды. Бұл туралы инвестициялық жобалар үшін жер алған азаматтардың өз міндеттерін орындамай отырғаны туралы Үшарал ауылы тұрғынының сауалына жауап берген облыс әкімі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жер сұрасақ, инвестициялық жоба ретінде беріліп тастаған дейді. Ал сол жер алғандар талап бойынша кәсіпорындар ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы тиіс болатын. Бірақ олар бұл талаптарды орындаған жоқ. Сүт фермасы да, шұжық цехы да, ештеңе ашқан жоқ. Соны тексеріп, жерді қайтарып алсаңыздар», - деп өтінішін білдірді облыс әкімінің халықпен кездесуіне келген Үшарал ауылының тұрғыны Кәмшат Жақыбаева.
Сондай-ақ Бозымбаев облыста жерге қатысты арнайы комиссия Талғар, Іле аудандарында жер түгендеу жұмыстарын бастағанын айтты.
Иә, бізде жерге қатысты көптеген мәселе бар. Сондықтан біз шешім қабылдап, облыста жерге қатысты арнайы комиссия құрдық. Бұл комиссия қазір Талғар, Іле аудандарында жер түгендеу жұмыстарын бастады. Үшінші аудан ретінде жұмыс тобын Панфилов ауданына жібереміз», - деді Қанат Бозымбаев.