Алматы облысында Qazaq World Cup турнирі басталды

Алматы облысында жүлде қоры 17 миллион болатын бәйгеден жарыс өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Алматы облысы Талғар ауданындағы Қобыланды батыр атындағы ипподромда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұшқыр бәйгеден Qazaq World Cup турнирі өтіп жатыр.

Бүгін мерекеге үйлесіп Qazaq World Cup турнирінің ашылуы өтіп жатыр. Бұл біздің Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесіп жасаған жобамыз. Ұлттық спорт пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу біз үшін өте маңызды. Алматы облысының ерекшелігі – 84 пайыз халық ауылдық мекенде тұрады. Сондықтан әр өңірде, әр ауданда ұлттық спортты насихаттау жұмысын істеп жатырмыз. Шалғай аудандарда тек ұлттық спорт емес, көптеген командалық спорт түрлерін дәріптеуді бастадық. Алматы облысында 105 этностан көп ұлт өкілдері тұрады. Халық арасында өзара ынтымақтастық бар, тұрақтылық пен ұлттар арасындағы сыйластық – басты байлықтарымыздың бірі, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Турнир ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және Алматы облысының әкімдігі бастамасымен, сондай-ақ республикалық «Бәйге» Федерациясы және «Bayserke Agro» холдингі қолдауымен ұйымдастырылды. Жарыстың жүлде қоры 17 700 000 теңгені құрады.

Ұшқыр бәйге – 30-50 жыл емес, бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біз мұны бір кездері жоғалтып алдық, енді қайта жанданып келе жатыр. Ұшқыр бәйгеден өзге барлық ат жарыстары үлгі алады. Бұл бәйгеде Халықаралық ат жарыстары ұйымдастырушылары федерациясының ережелерімен шабады, яғни классикалық жарыс. Бәйгеге қатысушылар еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ көрші Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келді. Жалпы осы жарыс маусымына 100-ге жуық ат иегелерінің 200-ден астам жылқылары қатысады. Тағы 20 шақты жаттықтырушы бар. Бұл қазіргі сәтте тіркелген, алдағы уақытта бұл сандар өсуі мүмкін. Енді бүгін 1 мамырдан бастап салқын күз түскенге дейін 2 апта сайын осындай жарыстар өтіп отырады, – деді «Kazakh jockey club» төрағасы Мақсат Ақаев.

Одан бөлек көрермендер арасында жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгеге жуық «Ең үздік ұлттық киім», арқан тарту, қыз қуу, асық ату, қошқар көтеру сынды ойындардан жүлделі сайыстар өткізілді.

Біз Алматы облысы, Кеген ауданынан келіп отырмыз. Сіңілім – Аружан Ержан өз өнерін көрсетіп, ата-бабамыздың салт-дәстүрін жаңғырту мақсатымен қыз қууға шығып отыр. Негізі 5 жасынан атқа отырып үйренген. Қыз қууға 8 сыныбынан қатысады, – деді Гаухар Байжұмаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы