Алматы облысында полицей жанармай бекетіндегі жарылыстың алдын алды

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында орын алған төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерінің жедел әрі батыл әрекеті үлкен апаттың алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2025 жылғы 10 мамыр күні, патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды қызметтік аумағын бақылау барысында жанармай бекетінде отқа оранған ГАЗель автокөлігін байқап қалады. Жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін жете түсінген полицей дереу әрекетке көшіп, жақын маңда жүрген екі азаматпен бірге өртті сөндіруге кіріскен.

Шұғыл әрі үйлесімді қимылдың арқасында жалын дер кезінде ауыздықталып, алапат жарылыстың алдын алды. Егер өрт жанармай сақталған резервуарларға жетсе, орны толмас шығынға соқтыруы мүмкін еді.

Оқиға куәгері Гүлзира Садапова полицейдің батылдығы мен кәсіби шеберлігіне шынайы алғысын білдіріп:

Егер дер кезінде әрекет етпегенде, бәріміз үшін өте қауіпті жағдай орын алуы мүмкін еді. Мирас Тастандының батылдығына тәнтімін, - деп пікір білдірді.

Бұл оқиға – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысында кездесетін қауіп-қатерлердің бір көрінісі. Алматы облысының Полиция департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мен жолда абай болуға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы