Алматы облысында өгей әке 13 жасар қызын өлтірді деген күдікпен қамалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі брифингінде мәлім болды.
Ол атағандай, қазіргі уақытта ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.23 шілде күні Талғар қаласындағы жеке үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар 13 жасар қыздың денесі табылды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қажетті іс-шаралар өткізіп, қыздың өгей әкесін күдікті деп таныды. Белгілі болғандай, ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған екен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқиға орнынан жасырынған күдіктіні Алматы қаласының аумағында Алматы облысының криминалдық полиция қызметкерлері ұстады, - деді брифинг модераторы Шұғыла Тұрлыбек.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бірнеше рет атап өткендей «балалар – қоғамның ең қорғалмаған бөлігі және олардың бақытты әрі қауіпсіз балалық шақтарын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау біздің міндетіміз. Баланы ренжіткен немесе жәбірлеген, оған психологиялық немесе физикалық жарақат келтірген адамдар қатаң жазалануы керек». Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнаманы жетілдіріп, қатайтуға қарамастан, мұндай қылмыс түрлері жалғасуда, - деді ол.
Айта кету керек, бұл қылмыс түрлері көбінесе полицияға қолжетімділігі шектеулі тұрғын үйлерде жасалатындықтан, оның алдын алу өте қиын. Оның үстіне, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың 70%-дан астамын балалардың туыстары, жақын адамдар жасайды.
Яғни, аналарымен бірге тұратын адамдар, өгей әкелері, туыстары, көршілері, таныстары болып келеді.
Бұл жерде баланың қоршаған ортасын бақылауды күшейту қажет, өйткені кейде біз балаларымызға қауіп төндіретін айқын белгілерді байқамаймыз, олардың көмек сұраған дауыстарына құлақ аспаймыз. Бұл бағытта мектеп, ата-аналар, ювеналды қызметтер жұмысын ретке келтіру керек, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Меңдібаев.